Жарқын елдің шамшырағы – жас маман » КГУ "Общеобразовательная школа №26" Управления образования города Алматы
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 271-89-87
Есепші бөлімі:
+7(727) 2-71-87-90
Нашар көрушілер
нұсқасы
30
январь
2020

Жарқын елдің шамшырағы – жас маман

Жарқын елдің шамшырағы – жас маман

Байқаудың мақсаты: 

Жас мамандардың біліктілігі мен өз кәсібінің жан-жақты шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу, педагогикалық тәжірбиелерімен бөлісу,  ғылыми қабілеттілігін жетілдіру.

Міндеттері:

  1. Мектептің жас мұғалімдерінің шығармашылықтарын, жұмыс істеу қабілеттерін анықтау;
  2. Жас мамандардың кәсіби мәртебесін көтеру және қолдау;
  3. Оқушылардың жоғары сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында оқыту мен тәрбиелеу әдістері мен нәтиже беретін педагогикалық технологияларды көрсету;
  4. Жаңа педагогикалық тәжірибені тарату және насихаттау. 

Байқауға қатысушылар:

Байқауға педагогикалық өтілі 3 жылға дейінгі мектептің жас мамандары қатысады.

Байқаудың  өткізілуі мен тәртібі:

  1. Ұйымдастыру комитеті және әділқазылар алқасы құрылады.
  2. Ұйымдастырушы комитет және әділқазы алқасы қатарында жоғары дәрежелі мамандар мен кәсіподақ ұйымының өкілдері болады.

Байқаудың мазмұны:

Байқау барысында білім беру мекемесінде шығармашылықпен айналысатын жас мамандар анықталады. Байқаудың барлық кезеңі бойынша әділқазылар алқасы қатысушының іс-әрекетін келесі белгілер бойынша бағалайды:

  • кәсіби шеберлік және жеке қасиеті (шығармашыл, суырыпсалмалық қасиеті, ізденімпаз,т.б.)
  • мұғалімдер жұмысының жүйелілігі.

Педагогикалық іс-әрекеттің әсерлігі келесі көрсеткіштермен бағаланады:

  • педагогикалық біліктілігі;
  • теориялық білімі және тәрбие жұмысының әдістемесі;
  • педагогикалық техникасы және сабақты ұйымдастыруы;
  • адамгершілік – этикалық қасиеті, педагогикалық мәдениеті және ой-өрісі мен эрудициясы;
  • қарым-қатынас өнері.

Байқаудың кезеңдері:

  1. Таныстырылым (5 минут)
  2. Эссе (60 минут)
  3. Пән бойынша ашық сабақтар 
  4. Қорытынды


Байқауға қатысушыларды бағалау:

  1. Байқаудың әділқазылары жас мамандардың шығармашылығын, ашық сабақтар сапасын, жаңашыл идеяларын бағалайды.
  2. Әділқазы алқасының құрамы мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау.

  1. Байқау нәтижесінде әділқазы алқалары бас жүлде, бірінщі, екінші, үшінші орын алған жеңімпаздарды анықтап, марапаттайды.


«Жарқын елдің шамшырағы – жас маман» атты мектепішілік байқаудың сценарийі

Мақсаты: Жас мамандардың біліктілігі мен өз кәсібінің жан-жақты шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу, педагогикалық тәжірбиелерімен бөлісу,   ғылыми қабілеттілігін жетілдіру.

Уақыты: қаңтар, 2020 жыл

Орны: №26 жалпы білім беретін мектеп, Үлкен АКТ залы


Жүргізуші: 

Қайырлы күн, ұстаздар және жас мамандар! Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жоғары оқу орындарын ойдағыдай аяқтап, ортамызға келіп еңбек жолын жаңа ғана бастап жатқан жас мамандар арасындағы «Жарқын елдің шамшырағы – жас маман» атты байқауына қош келдіңіздер!

Сендердікі — шексіз дарқан атырап,
 Сендердікі гүлдер мен жас жапырақ.
 Сендердікі — ән шырқаған бұлбұл мен
 Алтын күн де нұры түскен шашырап.
 Сендердікі — келешектей кең қырлар,
 Сендердікі — өрен күйлер, тың жырлар.
 Сендердікі — найзағайлы нөсер мен
 Айдындағы алға шапқан толқындар.

Бас, масайра, жас дүниені дүбірлет!
 Сенде — білім, сенде — қайрат, құдірет.
 Отанымның жұлдызындай жарқырап,
 Гүлдеріндей жайқалыңдар күлімдеп! (Қ.Бекхожин)


Жас маман деген кім? 

Ж – жігерлі

А – алғыр

С – сұлу да сымбатты



М – мақсаткер

А – айтқанды екі етпейтін

М – мінезі жайсаң

А – арманшыл

Н – насихатты тез қабылдайтын жас мамандарды ортаға шақырамыз.

  1. Ол жайында айтайын бір мәлімет

Өн бойынан табылар көп қабілет

Есебінен жаңылмаған ешқашан

Марғұланның үлкен ұлы – Әділет

Математика пәнінің мұғалімі Меліс Әділет Марғұланұлы. Тәлімгері – Куламбаева Бақтыкүл Лесбековна

  1. Көп түседі бұл кісіге күніміз

Өзі бойдақ информатик гүліміз

Нұрланқызы Әсем сұлу ортада

Қошеметтеп аямай қол ұрыңыз.

Информатика пәнінің мұғалімі Турсунгалиева Әсем Нұрланқызы. Тәлімгері – Байбалақова Зейнегүл Қырғызбайқызы.

  1. Картаменен жер-әлемді шарлайтын

Глобуссыз сабақ өте алмайтын.

Құрбанова Жұлдыз апай – географ

Шәкіртімен биіктерге самғайтын.

География пәнінің мұғалімі Құрбанова Жұлдыз Ерғалиқызы. Тәлімгері – Кенжегулова Жазира Жумалиевна.Қылығынан көрінетін наз, иба

  1. Көңілі бар кең даладай жазира

Түбір менен қосымшаны үйреткен

Тілтанушы ол – Абданбай Назира

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абданбай Назира Арыстанбекқызы. Тәлімгері – Даутбаева Ләззат Ерсінқызы

  1. Орыс тілден дәріс берген балаға

Лермонтовты жаттаттырған санаға.

Жарбаева Мерекедей апайдың

Орны бөлек осы ерекше салада.

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жарбаева Мереке Айтбаевна. Тәлімгері – Калбирова Гулнур Нышанбековна.

  1. Таныстырар ағзамызды жіліктеп,

Ұлпа менен жасушаны іріктеп.

Мұқаш тегі Майнұр жайлы, көрермен

Бұл байқауда тың мәлімет біліп кет.

Биология пәнінің мұғалімі Мұқаш Майнұр. Тәлімгері – Нурбаева Ақмарал Отыншиевна.


  1. Орыс тілде сөйлететін баланы

Ұқтыратын адалдық пен қараны.

Ортамызға шақырайық құрметтеп

Жансаядай ару қызды, дараны.

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәрсенбек Жансая Жангелдіқызы. Тәлімгері – Искакова Мира Касымовна.

  1. Жас жанына жақпайтұғын кері зат

Келбетіне тамсанатын сері жат.

Ағылшынша тіл үйреткен шәкіртке

Ортамызда Нұрманалы Перизат

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрманалы Перизат Дүйсенбекқызы.  Тәлімгері – Абишева Құралай Қуандыққызы. 

  1. Жазу менен үйрететін санауды

Жүректерде жаға білген алауды.

Бастауыштан болатұғын анаңдай

Ақботадай апай біздің қалаулы.

Бастауыш мұғалімі Бахтыбай Ақбота Балтабайқызы. Тәлімгері – Батырханова Самал Қуанышбаевна.

  1. Бостан босқа өтпейтұғын жай күні

Мүмкін бүгін оңнан туар ай-күні

Ер Төстік пен Кендебайды танытқан

Әдебиетші Өтемістің Айгүлі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өтеміс Айгүл   Тәлімгері – Даутбаева Ләззат Ерсінқызы

  1. Анасының жолын қуған жас маман

Жөнсіз сөйлеп, әдептен еш аспаған.

Худайберген Ақбидайдай ару қыз

Еңбек жолын енді ғана бастаған.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Худайберген Ақбидай Жанабергенқызы. Тәлімгері – Тасқожаева Нұрзат Айқожаевна.

  1. Бастауышым – өнер – білім базары

Көптің түсер сол білімге назары

Әліппе мен жазу,сызу үйреткен

Алдыңызда Тұмарбайдың Ажары

Бастауыш сынып мұғалімі Тұмарбай Ажар Арманқызы. Тәлімгері-Майкотова Бейбткул.






Бүгінгі сын сайыста әділ бағасын беретін қазылар алқасымен таныстырып өтейін:

  1. Мектеп директоры – Сейтахметова Галя Акылбековна
  2. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – Утеулиева Раушан Шамшаевна
  3. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – Кайыпова Булбул Зупаровна
  4. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – Жайлганова Камила Мурсаловна
  5. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрағасы – Абілдаев Баұыржан Сулейманұлы
  6. Тарих пәні мұғалімі – Алимкадирова Гулбану Арыновна
  7. Орыс тілі пәні мұғалімі – Аубакирова Гулнар Нурсапаевна
  8. Қазақ тілі пәні мұғалімі – Пралиева Индира Табынбаевна
  9. Ағылшын тілі пәні мұғалімі – Жанабаева Акбопе Алпысовна


Сайысымызды бастамас бұрын байқаудың кезеңдерімен таныстырып өтейін.

1-кезең: «Таныстырылым» (5мин)

2-кезең: «Эссе» (60 мин)

3-кезең: «Ашық сабақ»

4-кезең: «Қорытынды»


«Баталы жан арымас...» демекші, жас мамандардың кәсіптік жолына, бүгінгі басталған сайыстың сәтті өтуіне жүрекжарды тілек, ақ батасымен мектеп көшбасшысы Сейтахментова Галя Ақылбекқызына сөз береміз.

Директор сөз сөйлейді


Тілегіңіз қабыл болсын дей келе, жас мамандарымыздың реттілігін анықтап алсақ. Асық «қазақ» деген ұғыммен біте қайнасып жатқан сөз екені баршамызға мәлім. Сондай-ақ, асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңдар тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек болып табылады. Жас ұстаздарымыз асықтай шымыр және атқарған күрделі қызметтері адалынан болсын деген ниетпен реттілікті анықтауға асықты таңдадық.

Реттілікті анықтайды.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін, - деп, жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген Мағжан атамыздың қайсар ұрпағына сөз берейік.


Жас мамандар сөйлейді


«Таныстырылым» бойынша қорытынды сөз қазылар алқасына             беріледі.


Бірінші кезеңді қорытындылай келе, екінші кезеңнің шартын еске салып өтейін. Екінші кезеңде жас мамандарымыз түрлі тақырыпта эссе жазады. Берілетін уақыт – 60 минут. Өтетін орны – І корпус 14-кабинет. Басталатын уақыты – 13:00


Мен жаспын – ертеңімін елімнің

Батырмын мен – қорғаушысы сенімнің

Үкілеген үмітпін мен, отпын мен

Ақтаушысы, сақтаушысы сенімнің, - дей келе, сайысымыздың алғашқы кезеңін аяқтаймыз. Жас ұстаздар, келесі сынақтардан сүрінбей өтіп, сәттілік серіктеріңіз болғай. Қорытынды кеште кездескенше, күн нұрлы болсын!