Жүрек жылуы. Қамқорлық айлығы » КГУ "Общеобразовательная школа №26" Управления образования города Алматы
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 271-89-87
Есепші бөлімі:
+7(727) 2-71-87-90
eOtinish.kz
Нашар көрушілер
нұсқасы
01
февраль
2019

Жүрек жылуы. Қамқорлық айлығы

Жүрек жылуы
         Халқымыздың асыл қасиеттерінің бірі – жомарттық пен кеңпейілділік екені бәріне белгілі. Жылы жүректен бастау алатын осынау асыл қасиеттеріміз ешқашан да жоғалмақ емес. Өйткені, қоғамымызда қайырымды жандар көптеп кездеседі. Қайырым деген сөздің өзін алып қарасаңыз, біріншіден, рухани-экономикалық жағынан алғанда – басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау. Екіншіден, іс-тәжірибелік тұрғыдан алғанда – іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу дегенді білдіреді. Яғни «тас түскен жеріне ауыр» деп түсініп, оның ауыртпалығын бірге көтерісу, бір жағынан шығысу, қайырылу дегенді білдіреді. Сондықтан да бабаларымыз «қайырым түбі даналық» деп түсінген. 
         Ағымдағы жылдың 10-қаңтары мен 10-ақпан аралығында дәстүрлі түрде республикалық «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Акцияның басты мақсаты – ҚР заңнамасында көрсетілген ата-ананың қарауынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, өзге де санаттағы балаларға көмек көрсету. Аталған мақсатты жүзеге асыруда Алматы қаласы, Алатау ауданы, №26 жалпы білім беретін мектеп те қалыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, 25.12.2018 жылы Шаңырақ-2 ықшамауданы, С.Рахымов көшесінде орналасқан №117 үй отқа оранып, тілсіз жау шаңырақтарын ортасына түсірген болатын. Аталмыш үйде мектебіміздің үш бірдей оқушысы тұратын. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Алайда, жағдайлары мүлде мәз емес еді. Жағдайды ескере отырып, мектебімізде жедел штаб құрылып, мектеп ұжымы мен ата-аналардың ұйымшылдығының арқасында бұл отбасына 608 500 теңге қаржылай көмек берілді. Одан бөлек азық-түлік, оқуға керекті жабдықтар, киім-кешек пен ыдыс-аяқ көмекке берілді. «Көп түкірсе көл» дейді атам қазақ. Алатау аудандық Білім бөлімінің ұйытқы болуымен №164 ЖББ мектеп ұжымының атынан 30 000 теңге, киім-кешек, №160 ЖББ мектеп ұжымы 46 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. 
         Мектебіміздің ұстаздары қайырымдылықты барлық кезде жасап жүр. Оқу орнымызда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасы категориясына кіретін 5 оқушыға 30 000 теңге көлеміндегі сомаға мектеп сөмкесі, оқуға керекті құрал-жабдықтар әперілді. Сондай-ақ, мектеп атынан ірі компаниялар мен шағын және орта кәсіпорындарға акцияға қатысуға шақырған хаттар жолданды. Оқу жылының басында қолға алынған игі шара әлі де жалғасын табуда. Аталған шараның жүзеге асуына мұрындық болған ұстаздарымыздың еңбектері ұшан-теңіз.
         Айналамызда әлі де қайырымға мұқтаж отбасылар жетерлік. Қайырым беру, мұқтаж жанға көмек қолын созу – белгілі бір тәртіпке бағынбайды. Ол сондай-ақ, күнтізбедегі атқарылатын жұмыс емес. Ол әр адамның жүрек жылуы, жан қалауы. «Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, өз бағыңды өзіңнен кім сұрайды» демей ме Абай атамыз. Сондықтан да, жүрегіміз мейірімділік пен қайырымдылыққа толып, жақсылық жасаудан, бағымызды асырудан танбайық ағайын!
Г.А.Сейтахметова
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№26 жалпы білім беретін мектептің директоры